Педагог қызметкерлерінің тамыз конференциясы

Зияткерлік мектептерінде оқытудың нәтижелері және келешегі: жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктер

18-19 тамыз 2017 ж.

Зияткерлік мектептерінде оқытудың нәтижелері және келешегі:  жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктер

К.Шәмшидинованың Назарбаев Зияткерлік мектептері педагог қызметкерлерінің тамыз конференциясында сөйлеген баяндамасынан тезистер

Ағымдағы жылдың мамыр айында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қызметі  қарастырылды.

Мемлекет басшысы Зияткерлік мектептерге тұрақты дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, күрмеуі көп күрделі әлемнің ерекшеліктері мен жаһандық үрдістерді ескеріп, орта білімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуді, жинақталған тәжірибені жалпы білім беру жүйесіне таратуды айқындайтын 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Білім саласындағы өзгерістер индустрияның дамуымен тығыз байланысты екендігі тарихтан белгілі. Егер индустриализацияның бастапқы кезеңінде адамнан машинаға еңбек үдерісі берілсе,  кейін саналы қабілеттілік берілді. Бүгін жасанды интеллект өмір шындығына айналды. Бұл  адам бойында мүлдем жаңа дағдылардың қалыптасуын талап етуде.

Экономиканың жылдам және ауқымды өзгеруі адам баласынан жүйелі ойлауды, салааралық коммуникацияны, жобаларды басқаруды, көп тілде сөйлеу және көпмәдениеттілікті, көркем еңбек пен клиенттің қажеттіліктерін өтейтін, компьютерлік  бағдарламалар даярлау дағдыларын талап етуде.

Біз, күрмеуі көп, күрделі де өзгермелі заманның талабына сай, білім саласындағы сарапшылар пікірлерін ескеріп, оқушыларға қажетті дағдыларды қалыптастыру үшін білім беру бағдарламасының мазмұнын үздіксіз зерделеп отыруымыз қажет.

Дүниежүзілік экономикалық форумының әлемнің 91 елінде жүргізген зертттеулері балалардың бойында математикалық және оқу сауаттылығын дамытумен қатар оқушы мінезін қалыптастыру, оның бойында АКТ, қаржылық, мәдени және азаматтық сауаттылық дағдыларын дамыту қажеттігін көрсетті.

Әлемдік білім нарығында халықаралық қатынастардың ушығуы (соғыстар қаупі, лаңкестік, көші-қон) мен табиғи өзгерістер (табиғи апаттар, ғаламдық жылыну) жағдайында балалар бойында жаһандық азаматтылықты дамытудың маңызы зор.

Сонымен бірге аталған өзгерістер жаһандық әлеуметтік салада да өз жалғасын табуда. Халықаралық көші-қон ұйымы соңғы жылдары мигранттардың жалпы саны өскендігін, атап айтқанда, 1990 жылдан бастап, 152 миллионнан бүгінге дейін 244 миллионға жеткендігін хабарлайды. Соңғы 15 жылда шетелге көшіп қонғандар саны 41% өскен. 2015 жылы 700 мыңнан астам еуропалық емес елдердің резиденттері еуропа елдерінде азаматтық алған.

Осы деректерді ескерсек, бейбіт, толерантты, инклюзивті және қауіпсіз әлемде жаһандық мәселелерді түсінетін және оларды шешуге белсенді үлес танытатын азаматтарды тәрбиелеу керектігін мойындауымыз қажет.

Білімнің кезекті фокустарының бірі – оқушылардың жаһандық құзыреттіліктерін дамыту. Әрине, білім адам өмірінде басты ролді атқара бермек, бірақ қазіргі таңда пәнаралық жан-жақты білім, білік және дағдыларды жетілдірудің де маңызы артып отыр. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес, бес жылдан кейін еңбек нарығындағы қазір өзекті саналатын дағдылардың 35% өзгеріске ұшырамақ, себебі технологияның дамуы кейбір жұмыс түрлерінің жоғалуына, жаңа бағыттардың пайда болуына әкелері хақ.

 

Жетекші сарапшылар 2025 жылға қарай қызмет көрсету мен персоналды робототехника саласында болатын үлкен серпілісті болжап отыр. Ондаған мың жаңа формациялы мамандардың қажеттілігі туындайды. 2025 жылдан кейін бағдарламашы (программист)-робототехник мамандары сұраныста болады. Осы себепті жаңа мамандықтарды болашақта жетік игеру үшін, біздің оқушыларымыздың бойында инженерлік дағдыларды мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңызы зор.

Балаларға күнделікті өмірдегі сандық технологиялардың қажеттілігін түсіндіріп,  олардың бойында сандық интеллектті дамытуға назар аудару қажет.

Сондай-ақ, мамандардың деректеріне сүйенсек, 2020 жылы сандық әлем 44 зеттабайтқа жетеді деп күтілуде, бұл 2013 жылдан 10 есе жоғары. 2025 жылы әлемдік экономиканың  46% сандық ортаға өтеді деп күтілуде.

Балалар бойындағы сандық құзыреттіліктерді тәрбиелеу азаматтық құндылықтар мен сандық әлемдегі бірегейлікті қалыптастырудан бастау алып, кез-келген жұмысты жасап кетуге қажетті басты практикалық дағдылар, позитивті әлуметтік коммуникация қалыптастыруға бағытталуы қажет. Осы тұрыдан бізге информатиканың оқу бағдарламасын қайта қарастыру керек.

Білім саласының маңызды концепцияларының бірі – білім беру үдерісінде  оқушыларды «серіктес» ретінде тану. Осыған орай педагогика әлемінде  «оқушылар – өзгеріс агенттері» деген түсінік қалыптасқан.

Зияткерлік мектептерінің түлектері мен оқушылары  білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың, оны ұйымдастырудың сапасын және мазмұнын  қадағалаудың міндетті қатысушылары болып табылады.

Түлектердің пікірінше,  университетте ең қажетті дағдылар: қарым-қатынас, өз пікіріңді анық және нақты жеткізу мен түсіндіре білу,  ойыңды үш тілде еркін айту, ақпаратты сыни бағалау,  өздігінен жұмыс жасай білу болып табылады және осы дағдыларды олар Зияткерлік мектептерде жақсы меңгергендерін айтады. Алайда, әлі де компьютерлік бағдарлама әдістерімен есептерді шығару мен тайм-менеджмент технологияларын дамытуды қажет деп есептейді.

Біздің  білім беру бағдарламамыз Қазақстандық орта білім стандартын және әлемде мойындалған, танымал IB, A-level бағдарламаларын, сондай-ақ, SAT, NUFYP халықаралық емтихандарын қамтиды, МСКО-ның  4-деңгейіне сәйкес келеді. Ал жалпы білім беретін мектептер түлектері 3-деңгейге  сәйкес келеді.

Зияткерлік мектептердің халықаралық аккредитациядан сәтті өтулері жалпы біздің алған бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді. Тағы да бір дәлел — Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінде тәжірибе алмасқан Мәскеу Мемлекеттік университетіне қарасты арнайы мектеп оқушыларының пікірі. Олар   практикалық дағдыларды, сын тұрғысынан ойлау, тілдік құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған сабақтарымыз туралы оң пікір білдіріп,  өз мектептеріндегі сабақ ұйымдастыру формалары мүлдем өзгеше екендігін атап көрсетті.

Біз, ЮНЕСКО және ЕЭЫДҰ білім беру мазмұнына арналған жұмыс тобының мүшесіміз.  Білім беру бағдарламасын әрқашан, жоғарыда аталып өткен, әлемдегі білім беру процестерін ескеріп,  оқушылар, мұғалімдер және қоғамның қажеттіліктері негізінде жетілдіріп отырамыз. Енгізіліп жатқан өзгерістер тек жаңа трендке еліктеу үшін енгізіліп жатқан жоқ, ол зерттеу  нәтижелеріне негізделіп отыр. Халықаралық бағдарламаларға сәйкес келетін бағдарламаның негізгі өзегі, басты құрлымы сақталады. Біздің бағдарламалардың негізінде еліміздің білім беру стандарты дайындалды.

Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламасы өзге мемлекеттердің педагогикалық қоғамдастықтарының қызығушылығын тудырған қазақстандық өнім болып табылады. Бағдарламаны авторизациядан өткізетін уақыт келді. Кіріктірілген білім беру бағдарламасын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Білім беру бағдарламасы» — NIS-Рrogram- деп атау туралы шешім қабылданды.

Бағдарламаны мойындау — біздің бағдарламаның және бағалаудың халықаралық дәрежеге сәйкес келетінін ресми тұрғыдан дәлелдейді және әлемнің 100-ден аса елінің бағдарламалары мен білім беру ұйымдарының дәрежелері туралы ақпараттар жинақталған мәліметтер базасына енуге мүмкіндік береді. Бұл базадан шет елдердің жетекші университеттері ақпарат алады. Біздің бағдарламаның халықаралық дәрежеге сәйкестігі туралы қорытынды Зияткерлік мектептердің оқушыларына жоғары оқу орындарына түсуге көмек болады.

Білім беру бағдарламасының мазмұнын толыққанды меңгерудің негізгі талаптарының бірі — бағалау жүйесі болып табылады. Назарбаев Зияткерлік мектептері білім беру сапасын бағалаудың конкурстық іріктеуінен бастап, мектепті бітіру емтиханына дейінгі кешенді жүйесін құрды. Заман талабына сай  аталған бағалау жүйесін үнемі  жетілдіріліп отырады.

2019 жылы біздің мектептерге жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқыған жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары оқуға қабылданады. сондықтан оқушылардың 7-сыныпқа конкурстық іріктеуін қайта қарастыратын боламыз.

2013 жылдан бастап  конкурстық іріктеуге 65 мың үміткер қатысты, оның 17 мыңнан астамы – 2017 жылдың үлесінде.

Үміткерлер санының өсуі – конкурстық іріктеудің рәсімдерін   оңтайландыруды және автоматтандыруды қажет етеді.  Іріктеуді жетілдіру үшін біз жыл сайын 10 мың адамға байқау  тестілеуін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол  оқушыларды  конкурстық іріктеу форматының тиімділігі мен сенімділігін бағалау және жетілдіру үшін қажет.

Педагогикалық өлшеулер орталығына конкурстық іріктеу жүйесін  халықаралық EFPA жүйесі бойынша тестің сапасын бағалау тұрғысынан сертификаттау қажет.

Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, ең үздік нәтижеге қол жеткізген білім беру жүйелерінің (Финляндия, Сингапур және Жапония)   «құпияларының» бірі – әрбір баланың тұратын жеріне, баратын мектебіне қарамастан оқуға және жетістікке жетуге қабілетті деген сенімділігінде екен. Сондықтан бағалау – оқушыларды жетістікке жетуге жетелеу керек.

Оқушылардың оқу жетістіктері критериалды бағалау жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Ол оқыту мен оқу әдістерін түбегейлі өзгертті. Енді әрбір оқушы өзін өзі бағалауға, басқа оқушыларды бағалап және кері байланыс ұсынуға мүмкіндік алды. Ата-аналар және оқушылар бағаның неден қалыптасқанын және не үшін қойылатынын түсінді. Бұл – басында айтылып өткен, жалпы әлемдік үдерістерге сәйкес дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдердің міндеті — бағалау жүйесінің қағидаларын дұрыс пайдалану. Басты құндылық жақсы баға  емес, басты құндылық – білім.

Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру — бағалау фокусын кеңейтуді талап етеді. «Күрделі»  кешенді дағдылардың дамуын  бағалауды және осы бағалауға қатысты деректерді дайындауды, ұсынуды  үйренуіміз қажет. Бұл мұғалім тәжірибесіндегі бағалау ауқымын кеңейтеді және бағаның тек оқушының академиялық әлеуетіне емес, сонымен қатар жеке тұлғаның дамуына оң ықпалын тигізеді. Біз «күрделі» кешенді дағдыларды бағалау жұмысын ЮНЕСКО мен ЕЭЫДҰ жаңа бастағанын түсінеміз, Педагогикалық өлшеулер орталығы осы үдерістерге белсенді қатысуы керек.

Сапалы бағалауға жетудің бір жолы — барлық рәсімдерді сандық жүйеге ауыстыру. Ол бағалау құралдарын жылдам әзірлеу мен сараптауға, таратуға және оның нәтижелерін өңдеуге,  көлемі ауқымды мәліметтермен жұмыс жасауға, сараптама әзірлеуге және әр оқушыға оқу мен бағалау траекториясын қалыптастыруға қажетті ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

Критериалды бағалау жүйесін тиімді қолдануға арналған ұстаздарды оқыту курстарын ұйымдастырамыз.

Бұл жүйе оқушылар тарапынан оң баға алып отыр. Ақтөбелік  7-сынып оқушысының пікірін назарларыңызға ұсынамыз:

«Біз өз бағаларымызды талдаймыз, мақсатқа жету үшін ненің жасалмағандығын, қандай дескрипторлар орындалмағанын қарастырамыз.

Жақсы баға алғанда бойыңды қуаныш сезімі билейді, оны сен өзіңнің жеңісің ретінде қабылдайсың». Осындай пікірлер көптеп кездеседі.

Негізгі және жоғары мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау үшін халықаралық A-level, AS-level және IGCSE стандарттарына сәйкес келетін сыртқы жиынтық бағалау жүйесі енгізіліп, нәтижесін беруде.

Білім саласын сандық тұрғыдан жетілдіру, еңбек нарығында пәнаралық ғылыми бағыттары бар жаңа мамандықтардың пайда болуы, емтихандардың мазмұны мен рәсімдерін стимулятор мен виртуалдық ортаны қолдану арқылы оңтайландыруды талап етіп отыр.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы өскелең ұрпақтың тәрбиесіндегі жаңа басымдықтар мен негізгі бағыттарды айқындап берді.

Зияткерлік мектептерде мәдениет пен өз елінің дәстүрлерін, Қазақстанның заманауи жетістіктерін, үлкенге құрмет, ынтымақтастық, тарихи мұраны сақтауға бағытталған әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер жүзеге асырылуда.

Бес жыл қатарынан ұйымдастырылған «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясының тәжірибесі негізінде әрбір облыстың экономикалық ерекшеліктері, тарихи-мәдени мұрасы, табиғат қазынасын зерттеуге бағытталған маршруттарды әзірлеуді, аймақтың дамуына үлесін қосқан адамдар туралы электрондық жинақ әзірлеуді ұсынамын. Атқарылған шаралардың есебі оқу жылының соңында қорытындылансын.

Дәл осындай шаралардың бірі – «Ұлы дала мұрагерлері» деген атпен ақпан айында өткізілгені өздеріңізге белгілі. Болашақта бұл оң тәжірибе өз жалғасын табады.

Күнде өзгеріп отырған, болашағын болжау қиын, шиеленіске толы заман отбасылық құндылықтардың, дәстүрлі отбасы институтының жаһандық құнсыздануына алып келді.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл жалпы білім саласына да кері әсерін тигізуде. Сондықтан бала тәрбиесінде отбасы және мектеп сабақтастығы басымдыққа ие болуы керек. Ұлттық дүниетанымымызда отбасы, отбасылық құндылықтардың орны ерекше қастерлі екендігі баршамызға белгілі. Бүгінде, әр балаға ата-анасының қолдауы өте қажет. Ата-ананың өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бар ынта-жігерімен араласқаны жөн. Мектеп сабақтан тыс шараларға отбасын, ата-аналарды белсенді  қатыстыруы шарт.

Әрбір мектептің ата-аналарын балаларымен бірге үйірме жұмыстарына, велосипедпен серуендеуге, кешкілік мектеп базасында тренажерларда спорт сабақтарын ұйымдастыруға мүмкіндіктері бар. Мектеп басшылары біздің базамызды кешке, демалыс күндері ата-аналармен бірге тиімді пайдалануға жағдай жасаңыздар.

Оқушылардың каникул уақытын тиімді ұйымдастыру – әр отбасының басты назарындағы мәселесі болып табылады. Каникулды балалардың тынығуымен қатар, жаңа ақпаратпен танысып, жаңалық білулері үшін де қолданған жөн. Осы мақсатта біз білім беру бағдарламасына қолдау болатын, демалыс пен оқуды қатар ұсынатын жазғы мектептің потенциалын барынша қолданамыз. Зияткерлік мектептер әлуметтік жағдайлары төмен отбасынан шыққан оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсететін болады.  Барлық басқа оқушылар үшін жазғы мектепті ата-аналар өздері ұйымдастырулары қажет.

Биыл Жазғы мектептер Джон Хопкинс, Стэнфорд, Колумбия Университеттері мамандарының қатысуымен шетелдің жоғары оқу орындарының ең үздік бағдарламалары негізінде ұйымдастырылды.

Біздің тұрақты дамуымыздың басты көрсеткіші  –  оқушылардың жетістіктері.

Биылғы 10 сынып оқушыларының   «Математика», «Физика», «Химия», «Информатика», «Қазақ тілі» және «Ағылшын тілі» пәндерінен емтихандарының  нәтижесі  өткен жылдармен салыстырғанда жоғары. Бұл емтихандар халықаралық IGCSE емтихандарына пара-пар келеді.

2016 жылмен салыстырғанда А*,А,В,С бағасы бар оқушылар үлесі өсті:  математикадан – 17,8%, физикадан – 14,6%, химиядан – 2,6%,  информатикадан – 23,5%, қазақ тілі бірінші пән ретінде – 31,2%, ағылшын тілінен – 6,3%.

Математика, биология, химия, ағылшын тілі пәндерінен А*,А,В,С бағаларын алған оқушыларымыздың үлесі әлемдегі жалпы көрсеткіштен жоғары.

Астана қаласындағы Зияткерлік мектебінің 90 түлегі Халықаралық Бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасының тәуелсіз емтихандарын сәтті тапсырды.

Оқушыларымыздың 88,9% (80) Халықаралық Баклавриат Дипломын алды. 2016 жылы әлемде Халықаралық Баклавриат Дипломын тек 79,3% үміткер иеленген.  Ағылшын тілі Зияткерлік мектебінің оқушыларына қарағанда, ол түлектердің ана тілі екендігін атап өткен жөн.

Түлектердің  53 (58,9%) бірден Назарбаев Университетінің 1-курсына түсуге жеткілікті балл жинады.

Әрбір төртінші түлек (24,4%, 22) әлемнің алдыңғы қатарлы 100 университетіне түсуге жеткілікті балл алды.

3 оқушы өте жоғары нәтиже көрсетіп (45 балдан 40 балл және жоғары), шетелдің жетекші Гарвард, Принстон, Кембридж секілді университеттеріне түсуге жеткілікті балл жинақтады.

2016-2017 оқу жылында 4 Зияткерлік мектептерінің түлектері халықаралық IELTS емтихандарын тапсырды. Алматы, Ақтау және Петропавл қалаларындағы Зияткерлік мектептерінің оқушыларына емтихан бірінші рет өткізіліп, орташа балл — 5,9 балды құрады.

Астана қаласындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары соңғы 5 жылда алғаш рет 6,9 балл жинап, ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Әр бесінші түлек – 7 балл және одан жоғары жинаса, әр екіншісі – 6 балл және одан жоғары алды.

120  оқушы өз қалауларымен SAT емтиханын тапсырды. Жалпы орташа балл мүмкін 1600 балдың 1223 балын құрады. Бұл американың ең үздік жоғары оқу орындарына оқуға түсуге жеткілікті.

Алматы қаласының 11 сыныбының 6 оқушысы SAT емтиханының максималды мүмкін 800 балын жинақтады: Тұрғанбай Әлішер физикадан, Келіс Әдия математикадан, Батабеков Әділ, Рысбеков Шерәлі, Жәкежканов Әли матемтика және физикадан, Ахмет Гүлдана математика, физика, химиядан.  Статистикаға сәйкес әлемде 2 пәннен 800 балды 2 мыңнан біреу, ал 3 пәннен — 10 мыңнан біреу алады екен.

Зияткерлік мектеп оқушылары беделді халықаралық және пәндік республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында, робототехникадан жарыстарда жоғары бәсекелестік қабілеттерін көрсетуде.

Атап өтер болсақ, Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қажымұрат Ақназар Индонезияда өткен 48-і Халықаралық физика олимпиадасында алтын медальді жеңіп алды.

Талдықорған қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Моргунов Антон Таиландтағы «Химия» пәнінен өткен 49-ы халықаралық олимпиадада алтын медаль иеленді.

Физикадан Саха Республикасында өткен XXIV Халықаралық оқушылар олимпиадасында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Туленов Дияр алтын медаль, Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ибраев Тенгиз — қола медаль иеленіп, жеңімпаз атанды.

Робототехникадан Индияда өткен халықаралық жарыста Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы шығармашылық категориясында VII орынды және «Creativity Award» номинациясында жүлдегер атанды.

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы Мәскеу қаласында өткен ІХ Жалпы ресейлік робототехника фестивалінде екі номинациядан  1 және 2-орындарды иеленді.

Алматы қаласындағы Зияткерлік мектептерінің құрама командасы  Вашингтон қаласында өткен 163 мемлекеттің жастары қатысқан, халықаралық робототехника жарысында 8-орын алды.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Google-дің басқарушы директоры Сундара Пичаи мен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары Бейсенбекова Дияра мен Кошкарова Аружанның – Сан-Франциско Technovation Challenge конкурсында жүлдегер атанып, бірге түскен фотосы әлемге таралып кетті, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының басты жаңалығы болды.

Бұл жеңісті біздің креативті және озық жастарымыздың ең жарқын жетістіктерінің бірі деп атауға болады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында, Зияткерлік мектептер қызметкерлерінің барлығына біздің балаларымыздың оқудағы үздік нәтижелері, пәндік олимпиадалардағы жеңістері мен жарыстардағы жетістіктері үшін үлкен алғысымды білдіремін!

Біздің ұйымның тұрақты дамуының тағы бір көрсеткіші халықаралық аккредитациялау болып табылады.

Бүгінде 5 Зияткерлік мектеп әлемнің аккредитацияланған мектептер қоғамдастығына  қосылды. Эксперттер біздің мектептердің нақты анықталған миссия мен мақсаттарын жүзеге асырулары, оқушылардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі, еліміздің ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеуі,  түрлі қауымдастықтарда жұмыс атқаруға дайын, жалпы адамзаттық құндылықтары тұрақты белсенді  азаматтар тәрбиелеудегі жұмыстарына жоғары баға берді.

Осы оқу жылы тағы 8 мектеп халықаралық аккредитациядан өтеді және 2019 жылы, Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз осы процесті тәмамдаймыз.

Біз мұғалімдердің кәсіби дамуы мен қызметін бағалаудың сапалы жүйесін құрдық және ол бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Қазіргі аттестатауда негізгі басымдық сабаққа, оның сапасы мен нәтижелілігіне берілген. Өткен жылы аттестаттауға 889 педагогикалық қызметкерлер қатысты. Оның  86,4% өтініш білдірген педагогикалық шеберлік деңгейлеріне сәйкес аттестатталды.

Кәсіби дамудың негізгі мақсаты білім беру үдерісінің сапасын арттыру болып табылады. Сондықтан курс мазмұны мұғалімдердің пәндік білімдері мен дағдыларының деңгейін жоғарылату, қазіргі заман ерекшеліктеріне сай оқыту технологияларын меңгертуге бағытталады.

Біз мұғалімдер үшін біздің Орталықтар базасында жұмыста қолдануға арналған күнделікті сабақ жоспарлары, тапсырмалар, тестерді дайындау үшін Каникулярлық мектеп ұйымдастыруды ұсынамыз. Бағдарламаларды, оқу жоспарларын, бағалау мен оқулықтарды дайындаушылар өз тараптарынан мектептерде сабақтар сериясын өткізген жөн болар еді.

Біз мұғалімдердің тілдік құзыреттіліктерін арттырудың нақты механизмдерін дайындадық және оның жүзеге асырылуын қадағалаймыз. Бүгінгі күні 7 мұғалім ТКТ-ның сертификатын алған тренерлер, 19 – халықаралық CELTA емтиханын сәтті тапсырды, 3 мұғалім DELTA біліктілігін алды. Тағы 3 мұғалім DELTA және 7 —   CELTA курстарында оқуды аяқтауда.

Ағылшын тілінде пәндерді оқытатын мұғалімдердің тілдік құзыреттіліктерін аттыру жұмыстары жалғастырылуда: CLIL курсын 32 мұғалім, ағылшын тілінің онлайн курсын бейінді пәндердің 100 мұғалімі аяқтауда, олар оқу соңында міндетті IELTS  емтиханын тапсырады. 80 адам Карнеги Мелон Университеті дайындаған бағдарлама негізінде Халықаралық ақпараттар технологиясы университеті базасында оқыды. 15 адам кіріктірілген пәндерді оқыту әдістемесін меңгеріп, (физика, химия, биология)  Лондонда  ағылшын оқушыларына сабақ берді. Осы мұғалімдердің потенциалын өзімізде қолданып, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру жұмысын мектеп базасында дамытуға қолдау көрсетеміз.

Конференцияға қатысушылардың назарын мұғалімнің этикасы, ұстаздардың мектеп, ел өміріне белсенді араласуы, әр мұғалімнің ұжымдағы жағдайға жауапкершілігі секілді келелі мәселелерге аудартқым келеді.

Зияткерлік мектептер арасындағы коммуникацияны кеңейту қажет. Әр мектептің өз дәстүрі қалыптасты, оңтайлы тәжірибелері мен таратуға тұрарлық жұмыстары бар. Зияткерлік мектептер желісінде инновациялық идеяларды, озық тәжірибелерді тарату мақсатында мұғалімдер мен директор орынбасарларын өзара уақытша алмастару жұмысын ұйымдастыруды ұсынамын.

Елбасының тапсырмасымен Зияткерлік мектептер білім беру мазмұнын жаңарту мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүзеге асырудың әдістемелік орталықтары ретінде айқындалды.

Мұғалімдерге әдістемелік қолдау ретінде 6000 аса қазақ және орыс тілдерінде сабақтар, 200 жуық бағалау бойынша ұсыныстар, 100ден астам бейнероликтер дайындалды. Жүйелі-әдістемелік кешен 22 мыңнан астам дидактикалық материалдарды қамтиды.

Жаңартылған бағдарлама бойынша пәндерді оқытудың біліктілікті арттыру курстарынан 80 мыңнан аса мұғалімдер өтті, оның 60 мыңнан астамы осы жылдың жазында оқыды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық өңірлерде біздің мектептердің базасында ұйымдастырылған 1767 шеберлік сағаттарына 20 мыңнан астам   мұғалімдер қатысты.   Олардың барлығына  оқу-әдістемелік кешендердің электрондық нұсқаларын көшіріп алуға мүмкіндік берілді.

Зияткерлік мектептердің әдістемелік орталықтар ретінде, барлық 7 мың мектепке қолдау көрсетуге мүмкіндігі жеткіліксіз. Сондықтан әрбір жалпы білім беретін мектепке өз кәсіби потенциалын өсіруге жағдай жасауға көмектесу қажет. Алғашқы кезеңде  өңірдегі бірнеше мектептерге жергілікті әдістемелік кабинеттер мен Өрлеумен бірлесе отырып,  оқыту технологиялары мен бағалауға арналған тренерлерді дайындауды ұйымдастыруды жергілікті білім басқармаларына ұсынып отырмыз.

Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерін ЖӘК (жүйелі-әдістемелік кешенге) материалдар дайындауға кеңінен тарту керек, ал біздің мамандар оларға жоғары сапалы модерацияны қамтамасыз етулері қажет. Жалпы білім беретін мектептердің кәсіби дамуындағы қажеттіліктерін зерттеп, сұраныстарына орай он-лайн оқытуды енгізу қажет.

Зияткерлік мектептер білім беруді басқару ұйымдарына білім мазмұнын жаңартуға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында мұғалімдердің өңірлік  кәсіби қауымдастықтарын құруға көмектесе алады.

Біз, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігіне  Зияткерлік мектептердің директорларын әдістемелік орталықтардың басшылары ретінде бекіту туралы  ұсыныс  жолдадық. Сонымен қатар, облыстық білім беру басқармаларына басшының бір орынбасарының функционалдық міндетіне Зияткерлік мектептермен ынтымақтастықты үйлестіру жауапкершілігін енгізуді ұсындық. Және өзіміздің мектептерімізде директордың бейінді-эксперименталды жұмысы жөніндегі орынбасарымен бірігіп сол өңірде білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдау жұмысын  атқаратын әдіскер бөлу мәселесін қарастырудамыз.

Біз жаңа оқу жылын елімізде ЭКСПО өтіп жатқан  кезеңде бастағалы отырмыз. Көрмеде тың идеялар, заманауи технологиялар, болашақ ресурстары ұсынылған. Келешекте, Халықаралық көрмелерде біздің түлектердің жұмыстарын көргіміз келсе, бүгінгі күні сапалы білім беруге  бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы жолдағы еңбегіміз жемісті болсын!