NIS Халықаралық Ғылыми-тәжірибелік Конференциясы

Жүзден жүйрік спикерлер

Баяндамашылар

Алехандро Адлер

Алехандро Адлер оқушылардың әл-ауқаты мәселелерін зерттеуші және Пенсильвания Университеті Позитивтік психология орталығының докторантура қызметкері. Адлер позитивтік психологияның негізін қалаушы проф.
Мартин Селигманның жетекшілігімен еңбек етеді. Зерттеушінің жұмыстары әл-ауқат, білім беру және мемлекеттік саясат мәселелерінің аясында шоғырланады. Қазірде Алехандро Адлер Австралия, Бутан, Непал, Үндістан, Мексика, Перу және АҚШ өкілдерімен мектептердің оқу бағдарламаларына позитивтік психологияны енгізу және осы шаралардың жастардың әл-ауқатына әсерін зерттеумен айналысады. Алехандро Адлер бірқатар ғылыми басылымдарда өз зерттеулерінің қорытындыларын жариялап, халықаралық конференциялар мен кездесулерде жиі сөз сөйлейді. Алехандро Адлер Мексикада туылып, Пенсильвания Университетінің психология, және экономика мамандығы бойынша бакалавр, психология мамандығы бойынша магистр және доктор дәрежесін иеленген. Проф. Мартин Селигманның жетекшілігімен доктор бағдарламасының зерттеуін бастамас бұрын, Алехандро Адлер әлеуметтік қолдауға мұқтаж аймақтарға қайырымдылық көрсету бағытында жұмыс жүргізетін ұйымдардың бірі Пенсильвания Университеті жанындағы Филантропия орталығының ғылыми қызметкері жұмысын атқарған. Қазірде Алехандро Адлер оқушылардың әл-ауқатын зерттеу мәселелері бойынша Халықаралық сарапшылар тобының құрамындағы 60 мүшелердің бірі. Аталған топ әл-ауқат және бақыт негізінде 2015 жылы күшіне енген Дамудың жаңа парадигмаларын құру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе жұмыс жүргізетін әр түрлі ғылым саласындағы жетекші мамандар мен сарапшылардың халықаралық бірлестігі.

VIII Халықаралық Ғылыми-тәжірибелік Конференциясы, 27-28 қазан 2016 ж.: Секциялық отырыстардағы баяндама

Позитивті білім беру: оқушылардың әл-ауқаты және академиялық жетістігі үшін білім беру

Әл-ауқат мәселелерін кең көлемде оқыту мүмкін бе, оны мектепте және одан тыс оқыту қажет пе? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз дүние жүзі бойынша жүргізілген кездейсоқтық тәсілімен таңдалған көлемді үш зерттеудің сенімді ғылыми мәліметтерін ұсынамыз. Бірінші бағдарлама Бутан мемлекетіндегі 18 мектептерді (n=8385 оқушылар) қамтиды. Осы мектептер кездейсоқтық тәсілімен таңдалып алынған зерттеу жүргізілетін (k=11 мектеп) және бақылауыш (k=7 мектеп) топтарына жіктеледі. Зерттеу жүргізілген мектептердің оқу бағдарламасына академиялық пәндерден өзге он әл-ауқат дағдыларын оқытатын сабақтар енгізілді. Соның ішінде зейінділік, эмпатия, рақымдылық, тиімді қарым-қатынас, жасампаз ойлау, сыни ойлау, мәселелерді шешу, көшбасшылық, икемділік және шешім қабылдау. Екінші бағдарлама Мексикадағы 70 (m = 68762 оқушылар) мектептерді қамтып, кең көлемде зерттеу жүргізуге мүмкіндік берді. Осы мектептер кездейсоқтық тәсілімен таңдалып алынған зерттеу жүргізілетін (j =35 мектеп) және бақылауыш (j = 35 мектеп) топтарына жіктеледі. Үшінші бағдарлама Перудағы 694 (q = 694153 оқушылар) мектептерді қамтып, анағұрлым кең көлемде зерттеу жүргізуге мүмкіндік берді. Мектептер кездейсоқтық тәсілімен таңдалып алынған зерттеу жүргізілетін (h = 347 мектеп) және бақылауыш (h = 347 мектеп) топтарына жіктеледі. Барлық үш бағдарлама нәтижесінде зерттеу жүргізілген мектептердің оқушылары арасында әл-ауқат көрсеткіштерінің деңгейі өсті және зерттеу жүргізілгеннен кейінгі 15 айдан соң стандартталған ұлттық емтихандардың қорытындысы бойынша оқушылар анағұрлым жоғары нәтиже көрсетті. Осы оң нәтиженің артынша аталған үш бағдарлама Бутан, Перу және Мексикада ұлттық деңгейде енгізілді. Зерттеу нәтижелері әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени контекстке байланыссыз, мектептерде әл-ауқат бағдарламаларын кең көлемде ұлттық деңгейде оқыту оның тиімділігін, қажеттілігін, әл-ауқаттың ішкі және құрал ретінде маңыздылығын көрсетті. Бұл оқушылардың академиялық жетістігіне, денсаулығына және өзге де қажетті өмірлік дағдыларға оңтайлы әсер еткенін дәлелдеді.