Intellectual Podcast №7

Өнерге баулу арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту жолдары

Алан Уильямс – Александрия қаласы (Мысыр) Британдық Форсан мектебінің негізін қалаушы директоры, Корольдік өнер қоғамының, Менеджмент институтының және Педагогика колледжінің мүшесі.

Алан Уильямс өз кәсібін сурет мұғалімі ретінде бастады. Келесі жиырма жыл уақытта ол Ұлыбританияның жеке және мемлекеттік мектептерінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 1995 жылдан 1997 жылға дейін Алан Кардифф университетінде білім беруді басқару саласында магистратура бағдарламасы бойынша оқыды. 2000 жылы ол өзінің болашағын халықаралық біліммен байланыстыруға шешім қабылдап, Таяу Шығыс, Африка және Азия бойынша саяхатын бастады.

Ол төрт халықаралық мектептің директоры болып жұмыс істеді және Каир мен Александрияда жаңа мектептер ашты. Сонымен қатар, ол оқыту бағдарламаларын әзірлеу бойынша маман, кеңесші-тренер және мектепті жақсарту бағдарламасы бойынша серіктес болып қызмет атқарды.

Ол Корольдік өнер қоғамының, Менеджмент институтының және Педагогика колледжінің мүшесі. 2011 жылы Лондонда өткен африкалық бизнес көшбасшыларының конференциясында Алан Innovative Academy Award сыйлығының иегері атанды. 2019 жылы оның мектебі Лондонда өткен Times Educational Awards жүлдесінің «Үздік халықаралық мектеп» категориясында номинанты атанды.

Алан Уильямс өзінің бейнесінде транзитивтілік деген сөзге түсініктеме береді, оны мұғалімнің оқушыға «оқуға деген құштарлығымен бірге барлық білім мен тәжірибесін беруі» деп анықтайды, ондағы мақсаты – жетістікке ұмтылатын оқушылардың мұғалімінен асып түсуіне ат салысу. Транзитивтілік өнерді оқытқанда оны барлық қырынан ашу маңыздылығына аса зор мән бөледі. Алан біртума және ерекше нәрсені жасау үшін көркем материалдарын зерттеу, шолу, таңдау, біріктіру және жаңарту циклінен тұратын ақыл-ой карталары мен біртұтас шығармашылық процестің құндылығын түсіндіреді.

Алан оқушылардың бастапқы және қайталама шығармашылық өнімдерді қалай жасай алатындығын көрсетеді. Бұл өнімдер зияткерлік карталар, эскиздер бар журнал, портфолио, мектеп қабырғасындағы көрме, слайд-презентация, TED Talk форматындағы қойылым немесе басқа түрде дайындалуы мүмкін. Алан оқушылардың рефлексиялық және бағалау дағдыларын дамытуды пайдалы деп санайды, оны оқушылар өздерінің шығармашылық өнімдерін бағалау мақсатында критерийлерді әзірлеу кезінде жасай алады. Оқушылар қиялын дамыту мен оларды шығармашылыққа итермелеудің тағы бір тәсілі – пәнаралық деңгейге шығып, мектепте де, мектеп сыртында да қарым-қатынас шеңберін және ортаны кеңейту.

Қорытындылай келе, Алан Уильямс Кен Робинсонның мына сөзін келтіреді: «қазіргі уақытта білім беру үшін маңыздылығы бойынша шығармашылық сауаттылықпен пара-пар, екеуін тең бағалауымыз керек». Аланның айтуынша, мұғалімдер оқушыларды оқытқан кезде шығармашылықпен қоса сыни тұрғыдан ойлау мен проблемаларды шешу дағдыларын, яғни шектеусіз ойлау қабілетін дамытуы керек.